ОСК төрағасы ЕҚЫҰ Адам құқықтары және демократиялық институт жөніндегі бюро директорымен кездесті

АСТАНА. Сәуірдің 29-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов ЕҚЫҰ Адам құқықтары және демократиялық институт жөніндегі бюро (БДИПЧ) директоры Янеш Ленарчичпен кездесті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Кездесу барысында ОСК төрағасы Қазақстанның БДИПЧ тарапынан жасалған барлық ұсыныстарды жан-жақты талқылап, қоғамға қажетті нормаларды сайлау заңнамасын жетілдіру барысында ескеретіндігін атап өтті. Сондай-ақ Қ. Тұрғанқұлов аталған ұйымның ЕҚЫҰ шеңберіндегі мемлекеттерге қатысты сайлауды бақылау барысында теңдік қағидаттарын енгізу туралы қадамдарына қолдау білдірді. «Соңғы жылдары біз ЕҚЫҰ-ға қатысушы 18 мемлекетте өткен сайлауларға 83 байқаушы жібердік. Орталық сайлау комиссиясы ЕҚЫҰ/БДИПЧ миссиясы аясында халықаралық байқаушылар жіберу тәжірибесін жалғастыра түсетін болады», - деді Қ. Тұрғанқұлов. Өз кезегінде Я. Ленарчич Қазақстанның сайлау заңнамасын жетілдіру жұмыстары аясында ынтымақтастық тәжірибесіне бағытталған жұмыстарға қанағаттанатынын жеткізді. Сондай-ақ ол қазақстандық қоғамды одан әрі демократияландыра түсу мақсатында ҚР ОСК мен ҚР Әділет министрлігі өкілдерімен жиі жүздесудің маңызды болатынын еске салды. «Шындығында, ЕҚЫҰ секілді беделді ұйымға төрағалық етудің табалдырығында тұрған Қазақстан үшін сондай кездесулердің берері мол. Біз алдағы қыркүйек айында сарапшылар деңгейіндегі осындай ауқымды жүздесуді ұйымдастырсақ», - деп жеткізді ойын Я. Ленарчич.