ОСК төрағасы Қ. Тұрғанқұлов ТМД ұйымы миссиясы байқаушыларының басшысымен кездесті

АСТАНА. 31 наурыз. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов пен аталмыш комиссия мүшелері Тәуелсіз мемлекеттер достастығы ұйымы миссиясы байқаушыларының басшысы Сергей Лебедев бастаған делегациямен кездесті.

Жүздесу барысында Орталық сайлау комиссиясының төрағасы мәртебелі меймандарды 3 сәуірге тағайындалған кезектен тыс Президент сайлауына дайындық барысымен таныстырды. «Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы ТМД миссиясының байқаушыларымен алғаш рет жұмыс істеп отырған жоқ. Біз көптеген жылдар бойы білесіп қызмет етіп келеміз. ТМД миссиясының өкілдері Қазақстандағы бірде-бір сайлауды жіберген жоқ. Осыған қарай біз де ТМД миссиясының жұмысымен жақсы таныспыз. Сіздер сайлау барысында орын алатын кемшіліктерді көрсетіп отырасыздар. Ал біз өз тарапымыздан осы кемшліктерді назарға ала отырып, оларды барынша жоюға күш саламыз. Бұл біздің ынтымақтастығымыздың арқасында мүмкін болып отырған жағдай»,-деді ОСК төрағасы.

Сондай-ақ сөзінде сайлау науқанының ең жауапты, әрі маңызды кезеңі жақындап келе жатқандығын атап өткен ОСК төрағасы еліміздегі барлық сайлау комиссияларының сайлауға ерекше ынта-ықыласпен дайындалғандығын атап көрсетті. «Біз, әрине, сайлауды барынша, ашық, жариялы және халықаралық талаптарға сай етіп өткізуге күш саламыз. Біз бұл бағытта қажырлы еңбек еттік деп нық сеніммен айта аламын. Біз сайлаушылардың тізімдерімен де көп жұмыс істедік. Орталық сайлау комиссиясы аймақтық сайлау комиссияларымен бірге оқыту семинарларын ұйымдастырып, қазір оқу жұмыстарын аяқтауға таяу қалды. Осы сайлаудың ерекшелігі - біз сайлау өткізу мерзімін біршама қысқарттық. Дегенмен мерзім сайлауда талапқа сай өткізуге жеткілікті»,-деді Қ.Тұрғанқұлов.

Өз кезегінде С.Лебедев ТМД миссиясы байқаушыларының ТМД кеңістігіндегі елдердің барлығындағы сайлауларға қатысып жүргендігін атап өтті. «Осыған қарай миссияға мүше елдер қатары да артып отыр. Бұл миссияның қызметі мен оның берген бағасына қалың көпшілік немқұрайды қарамайтындығын, оған деген қызығушылықтың бар екендігін көрсетеді. Бұл менің жеке пікірім емес. Бұл сарапшылардың пікірлері. ТМД миссиясының байқаушылары тек кемшіліктерді жойып, сайлау қызметінің заңға сәйкес жоғары деңгейде өтуіне ықпал етуді басты мақсат етеді. Қорыта айтқанда, біздің ниетіміз түзу»,-деді миссия басшысы.