Кездесу барысында ОСК төрағасы қонақтарды Орталық сайлау комиссиясының президенттік сайлауды әзірлеу және өткізу жөніндегі жұмысымен таныстырды. «Қазіргі кезде президенттікке кандидаттардың сайлауалды үгіт жұмыстары жүріп жатыр. Біздің іс-әрекетіміз барлық кандидаттардың бұқаралық ақпарат құралдарына теңдей қол жеткізуін қамтамасыз ету. Біз жүргізіп отырған мониторинг нәтижелері кандидаттардың сайлауалды қызметі республикалық жетекші баспа және электрондық ақпарат құралдарында шамамен алғанда теңдей көрініс тауып отырғанын көрсетеді»,- деп атап өтті ОСК Төрағасы.
Сондай-ақ Қуандық Тұрғанқұлов сайлау комиссиясы құрамын қалыптастыру және сайлауды әзірлеу мен өткізу кезінде қалыптасқан сайлау комиссиясы мүшесінің бос орындарын толтыру тәртібі, сайлаушылар тізімдерін нақтылау, дауыс беру қорытындыларын шығару рәсімдері, халықаралық ұйымдардың сайлауды байқауға қатысуы сынды электоралдық үдерістерге қатысты сарапшылардың бірқатар сұрақтарына жауап берді.
Кездесу соңында америкалық сарапшылар мен делегация өкілдері сайлауды ұйымдастырушыларға сайлау науқанының табысты аяқталуына тілектестіктерін білдіріп, кезектен тыс сайлау демократия жолымен қарышты дамып келе жатқан Қазақстан Республикасының сайлау заңнамасы мен сайлау жүйесін дамыту үшін пайдаланылады деген сенімдерін білдірді.