ОСК төрағасы Ресей мен Беларусь БАҚ өкілдерімен кездесті

АСТАНА. 26 ақпан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов және осы комиссияның өкілдері Ресей мен Беларусь мемлекеттерінің бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесті.

Кездесу барысында ОСК төрағасы қонақтарды кезектен тыс сайлаудың жүргізілу тәртібімен және оның барысымен таныстырды. Сондай-ақ ол осы сайлау барысында орын алып отырған жаңалықтар жөнінде сөз етіп, 20 ақпан күні аяқталған кезектен тыс сайлауға үміткерлерді ұсыну кезеңінің қорытындылары жөнінде баяндады. Кездесу барысында қонақтар әсіресе Президенттің кезектен тыс сайлауын тағайындауға, ұйымдастыруға және өткізуге байланысты орын алған оқиғалар мен еліміздің сайлау заңнамасына және сайлау жүйесінің жалпы даму үдерістеріне қызығушылық білдірді.

Жүздесуде Қ.Тұрғанқұлов делегация мүшелерінің сайлаудың құқықтық негіздері мен Қазақстанның сайлау жүйесінің қалыптасу тарихы, Конституция мен сайлау туралы заңының елдегі ең жоғары лауазымының үміткерлерге қоятын талаптар, кезектен тыс Президент сайлауын ұйымдастыру мен өткізуге бөлінген бюджет қаражатының мөлшері жөнінде әңгімелеп берді. Сондай-ақ ол саяси партиялардың қызметіне,

ОСК мен сайлау процесіне қатысушылардың бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыстары, сайлау үдерісінің айқындығы мен кандидаттардың БАҚ-тарға тең қол жеткізуін қамтамасыз ету шараларына тоқталып, журналистерді қызықтырған сауалдарға жауап берді.

Қ.Тұрғанқұлов БАҚ өкілдерін электоралдық науқанға халықаралық байқаушылардың қатысуы мен қазақстандық және халықаралық байқаушылардың құқықтары туралы да хабардар етті. ОСК төрағасының сөзіне қарағанда, сайлау науқанының басталуына орай саяси партиялардың белсенділігі арта түсті. Олардың барлығы дерлік үгіт- насихат жұмыстарын жүргізіп, өздерінің өкілдерін орталық және аумақтық сайлау комиссияларының құрамына жолдауды, сондай-ақ сайлауды байқауға қатысуды көздеп отыр. Кездесуді аяқтай келе, Қ.Тұрғанқұлов делегация мүшелері Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі жанында аккредиттелген журналистер ретінде сайлау науқаны барысын байқауға белсене қатысатындарына сенім білдірді.