Кездесу барысында байқаушыларды 19-шы тамыз күні елімізде өтетін Сенат депутаттарының сайлауының барысымен таныстырған ОСК төрағасы байқаушыларға қазақстандықтардың шақыруын қабыл алғаны үшін алғысын білдірді. «Тәуелсіз мемлекеттер достастығының мисссиясы Қазақстандағы барлық сайлау шараларына қатысып келе жатқан жалғыз халықаралық ұйым. Осыған қарай Қазақстанның сайлау заңнамаларына енгізілген өзгерістердің басым бөлігі осы ТМД байқаушыларының ақыл-кеңестеріне негізделген»,-деді Қ.Тұрғанқұлов.
Өз кезегінде Орталық сайлау комиссиясының өкілдеріне Сенат депутаттарының сайлауын бақылауға шақыртуы үшін алғысын білдірген ТМД байқаушылары миссиясының басшысы С.Лебедев сайлауды бақылаудың маңызды шара екендігін атап көрсетті. «Біздің басты мақсатымыз сіздермен бірге сайлаудың барынша ашық өтіп, қазақстандықтардың еркін таудау жасауларына ықпал ету. Біз үшін Қазақстанның да ТМД-ға мүше өзге мемлекеттердің де сайлау заңнамалары жетілдіріліп отыратындығы қуантады. Біз әлемдік қауымдастық мойындаған талаптарға жақындап қалдық. Кей жағдайда тіпті бірқатар мемлекеттердің алдына шығып отырмыз. Ең бастысы біз алға жылжудамыз»,-деді С.Лебедев.
Оның сөзіне қарағанда, ТМД миссиясының өкілдері елімізде 11-ші тамыздан бастап жұмыс істеуде. Миссия құрамына ТМД-ның 8 мемлекетінен 68 адам кірген. «ТМД-ға мүше 11 мемлекеттен тек Молдова мен Әзірбайжан елдерінің өкілдері ғана келе алмай қалды. Миссия құрамында дипломаттар мен қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, Орталық сайлау комиссияларының мүшелері бар. Миссия өкілдерінің барлығы сайлау шараларынан көп жылдық мол тәжірибелері бар азаматтар», деді миссия басшысы.