Кездесу барысында тараптар 3 сәуірге тағайындалған кезектен тыс Президент сайлауына қатысты кең ауқымды мәселелерді сөз етті. Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары В.Фоос Еуропалық Одақ өкілдеріне кезектен тыс Президент сайлауының барысымен және сайлауға қатысты жаңалықтармен таныстырды. Сонымен қатар ол қонақтарға еліміздің сайлау заңнамаларының ерекшеліктері жөнінде әңгімелеп берді. Еуропалық Одақ өкілдері Қазақстандағы сайлауға қатысты өздерін толғандырған сауалдарына жауап алды.
Еуропалық Одақтың Орталық Азия жөніндегі арнайы өкілінің сөзіне қарағанда, оларды кезектен тыс Президент сайлауына қатысатын азаматтарды ұсыну тәртібі, оларға қойылатын талаптар, сайлау науқанында кандидаттарға жасалатын жағдайлар мен сайлаудың қаншалықты ашық өтетіндігі толғандырып отыр. Жүздесуде тараптар осы тектес мәселелер төңірегінде өзара пікір алмасты.