ОСК У. Қайсаровты ҚР Президенттігіне кандидат ретінде тіркеуден бас тарту туралы қаулы қабылдады
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін кезектен тыс ҚР Президенті сайлауына қатысу үшін Орталық сайлау комиссиясына өтініш берген Уәлихан Қайсаров Президентікке кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтайтын лингвистикалық комиссияның емтиханынан өте алмаған болатын. Соған қарамастан У.Қайсаров өзінің сайлауға қатысуға ниетті екендігін білдіріп, ОСК-ға екінші қайтара құжат тапсырған-ды. Алайда ОСК мүшелері ақпанның 12-і күні арнайы мәжіліс өткізіп, У.Қайсаровтың өтінішін қарамайтын болып шешім қабылдаған болатын. Басты себеп - лингвистикалық комиссияның 2011 жылғы 8 ақпандағы отырысында (№2 хаттама) У.Ә.Қайсаровтың мемлекеттік тілді еркін меңгермеген деп белгіленгендігі, яғни У.Ә.Қайсаровтың Констиуция мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы Конституциялық заң қоятын талаптардың біріне, нақты айтқанда, мемлекеттік тілді еркін меңгеру туралы талапқа сәйкес келмейтіні анықталғандығында.
Бүгін Орталық сайлау комиссиясы У.Ә.Қайсаровты Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат етіп тіркеуден бас тартты.
"2011 жылғы 14 ақпан күні Орталық сайлау комиссиясы, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 54-бабына, 59-бабының 7-тармағы 3)-тармақшасына, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2011 жылғы 9 ақпандағы № 18/28 қаулысына сәйкес, У.Ә.Қайсаровты Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат етіп тіркеуден бас тартты. Бұдан бұрын, 2011 жылғы 12 ақпанда, Орталық сайлау комиссиясы У.Ә.Қайсаровтың өзін-өзі ұсыну жолымен Президенттікке кандидат ретінде екінші қайтара дауысқа түсу ниеті туралы 2011 жылғы 9 ақпандағы өтінішін қараусыз қалдырған болатын", - делінген қаулыда.
Содан кейін ҚР Орталық сайлау комиссиясы Уәлихан Әбішұлы Қайсаровты Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде тіркеуден бас тарту туралы қаулы қабылдады.
"Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 54-бабына, 59-бабы 7-тармағының 3) тармақшасына, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2011 жылғы 9 ақпандағы № 18/28 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ: Уәлихан Әбішұлы Қайсаровты Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде тіркеуден бас тартылсын", - делінген қаулыда.