ОСК жанындағы азаматтар мен қоғамдық бірлестік өкілдерінің өтініштерін қарау жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті

АСТАНА. 11 наурыз. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Орталық сайлау комиссиясында аталмыш комиссия жанынан құрылған 3 сәуірге тағайындалған кезектен тыс Президент сайлауына қатысты

азаматтар мен қоғамдық бірлестік өкілдерінің өтініштерін қарау жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті.

Онда күн тәртібіне қойылған мәселелер жайында сөз қозғаған жұмыс тобының мүшесі Әлия Рақышеваның айтуынша, 10 наурыздағы мәліметтер бойынша Орталық сайлау комиссиясына 14 өтініш түскен. «Ал осыған дейін еліміздің Бас прокуратурасының өкілдері республика бойынша кезектен тыс Президент сайлауына қатысты 256 өтініш түскендігін жария еткен болатын. Прокуратура мәліметтері бойынша өтініштердің басым бөлігі Шығыс Қазақстан облысының әкімдігіне түскен. Біз осы өтініштердің барлығын тексере келгенде олардың басым көпшілігі азаматтардың өздерін сайлаушылардың тізіміне қосуға немесе алып тастауға қатысты болғандығын анықтадық. Осыған қарай бүгінгі күні республика бойынша сайлаушылардың тізімдерін нақтылау жұмыстары белсенді жүргізілуде», - деді жұмыс тобының мүшесі.

Оның сөзіне қарағанда, Орталық сайлау комиссиясына түскен өтініштерді қарау мерзімі 5 күн. «Ал ОСК-ға осы уақытқа дейін келіп түскен 14 өтініштердің түп-төркінін анықтай келгенде, олардың 3-уі ғана шағым ретінде берілгендігіне көз жеткіздік», - деді Ә.Рақышева.