«Оскарды» табыстау рәсімінде 5 дүркін Grammy сыйлығының иегері ән шырқайды

НЬЮ-ЙОРК. ҚазАқпарат – Билли Айлиш «Оскар» сыйлығын табыстау рәсіміне қатысады. Бұл туралы сәрсенбі күні Америка киноөнер академиясы Twitter-де жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Дайынсыздар ма? Билли Айлиш «Оскар» сыйлығын табыстау рәсімінде арнайы өнер көрсетеді», - деп мәлім етті шара ұйымдастырушылары.

26 қаңтарда Айлиш Grammy музыкалық сыйлығында жұртшылықты таңғалдырып, бес марапат алды. 2019 жылдың желтоқсанында 18 жасқа толған әнші «Үздік жас орындаушы» деп танылса, Bad Guy әні оған «Жыл әні» және «Жыл таспасы» санатында жеңіс әкелді. Бұдан бөлек, Айлиштің When We All Fall Asleep, Where Do We Go? пластинкасы «Жыл альбомы» марапатына ие болды.

Америка киноөнер академиясының «Оскар» сыйлығының 92-ші рәсімі 9 ақпанда Лос-Анджелесте (Калифорния штаты) өтеді. Шараны АВС телекомпаниясы тікелей эфирден көрсетеді.