Өскемен әкімі Инстаграмда жаңа аялдамалар үшін дауыс жинауда

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат -Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар Instagram парақшасында жаңа аялдамалардың орнатылатын орны мен олардың дизайнына дауыс беру жүргізуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шаһар басшысы Instagram-дағы жеке парақшасында қалада ескі аялдамаларды ауыстыру бойынша жұмыстар басталғанын жазды. Жаңа аялдамалар Орджоникидзе көшесінде бой түзеп үлгерді. Қалған аялдамалардың орнатылатын жерін және олардың қандай дизайнда болатынын тұрғындар өздері таңдай алады. Ол үшін әкімнің жазбасының астына өз ұсыныстарын жазу қажет.

«Жылдың соңына дейін жалпы саны 29 кешен ауыстырылады. Оның 11-і жылы аялдама болады. Осы посттың астына жаңа аялдамаларды қай жерлерге орнату қажеттігін жазуға болады. Жаңа аялдамалар көп дауыс жинаған орындарға орнатылады. Сонымен қатар жылытылатын аялдамалардың жобасын ұсынуға болады», - деді Ж.Омар.

Еске салайық, Жақсылық Омар Өскемен қаласының әкімі болып биылғы тамыз айында тағайындалған болатын. Ол 2013 жылдың мамырынан 2016 жылдың қарашасына дейін - ШҚО әкімінің орынбасары, ал жаңа лауазымына дейін Алматы облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

Әлеуметтік желіде өте белсенді. Жаңа лауазымға тағайындалған бір айдан кейін Facebook пайдаланушыларымен шаһарда атқарып үлгерген жұмыстарымен бөлісті.