Өскемен әуежайының жалға беру шартын бұзған лауазымды тұлғалары жауапқа тартылды
Шығыс Қазақстан көлік прокуратурасы жүргізген талдаудың нәтижесінде Өскемен қаласы әуежайы алаңдарды жалға алу-беру кезінде баға саясатын бұзғандығын анықтады, деп хабарлайды Kazinform.
«Өскемен әуежайы» АҚ бекітілген прейскурантқа қарамастан, жекелеген кәсіпкерлерге жалдау ақысының құнын едәуір төмендеткен.
Мысалы, әуежай басшылығы коммерциялық мақсаттар үшін кәсіпкерлік субъектісіне 100 шаршы метр көлеміндегі аумақты ай сайын 50 мың теңге көлемінде берсе, басқа кәсіпкерге 10 шаршы метрге кофе әзірлеу аппаратын орналастыруға 100 мың теңгеге берген.
«Жалға беруде әртүрлі шарттарды қолдану осы саладағы бизнестің салауатты бәсекелестігін қалыптастыруға теріс әсер еткен, жолаушыларға өз қызметтерін едәуір арзанырақ ұсына алатын басқа кәсіпкерлердің нарық сегментіне қол жеткізу құқығына нұқсан келтірілді.
Прокуратура араласуынан соң шарттар қолданыстағы заңнаманың талаптарына сәйкес келтірілді, кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды, ал кәсіпкерлерге жалдау төлемдерін қайта есептеу жүргізілуде», — деп жазды бақылаушы органнан.
Осындай заңдылықтың жай-күйіне талдауды Астана қаласының авиациялық көлік прокуратурасы астаналық әуежайдың қызметіне де жүргізуде, атап айтқанда олармен жалға алушыларға «типтік шарттармен» белгіленген артық талаптар мен төлемдердің негізділігі зерделенеді.
Жалға алуды асыра бағалау және бизнес жүргізу үшін тең емес жағдайларды жасау, әуе айлағы аумағында жолаушылар мен басқа тұлғаларға көрсетілетін коммерциялық қызметтердің бағасына әсер етеді.