Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар қызметінен кетті
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар қызметінен кетті. Бұл туралы Жақсылық Омар әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
— Алты жыл деген аз уақыт емес, көп те уақыт емес. Осы аралықта сіздермен бірге қаланың ыстығына күйіп, суығына тоңып, шама-шарқымыз келгенше қызмет атқардық. Қала басшысы лауазымындағы қызметім тәмамдалуда. Осынау көрікті шаһар — Өскемен қаласының тұрғындарына, ел басшылығына маған сенім білдіргендеріңіз үшін ризашылығымды білдіремін, - деді ол.
Жақсылық Омар өз сөзінде қала халқына алғысын айтып, Өскеменнің одан әрі дами беретініне сенім білдірді.
Айта кетейік, Жақсылық Омар Өскемен қаласының әкімі лауазымына 2018 жылдың тамыз айында тағайындалған.
Еске салсақ, осыған дейін Серік Сәпиевтің жаңа қызметке кіріскенін хабарлаған едік.