Өскемен қаласының жолдары қысқа қаншалықты дайын
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Санаулы күндерден кейін қылышын сүйреткен қыс та келеді. Ал Өскемен қаласының жолдары қысқа қаншалықты дайын? Kazinform тілшісі бұл сауалдың жауабын біліп көрді.
Қала аумағын қыс мезгілінде күтіп-ұстаумен «Таза Өскемен» КМК айналысады. ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мен аталған кәсіпорын арасында бекітілген шартқа сәйкес, олар негізгі және қосымша жолдарды, аялдамаларды, киылыстар мен жаяу жургіншілер жолдарын қардан тазалап отырады.
«Қазіргі таңда «Таза Өскемен» КМК-де 97 техника бар. Мемлекеттік сатып алу арқылы жасалған шарттарға сәйкес құм – 2 000 текше метр, жанар-жағармай материалдары – 200 тонна, көктайғаққа қарсы материал – 1 500 тонна көлемінде алынған. Бұл материалдар қажеттілігіне қарай кәсіпорынға жеткізіліп отырады», - дейді Өскемен қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Ержан Ибраев.
Кәсіпорында 43 жүргізуші, 38 механизатор және 218 санитарлық тазалау қызметкері жұмыс істейді. Өткен жылы қала территориясынан 127 949,7 текше метр қар шығарылған.
«Соңғы жылдары кәсіпорын құрамына 10 аралас жол машинасымен 2 фронтальді тиегіш ауыр жүк көліктері сатып алынды. Қалың қар мезгілінде техникалық сипаттамаларға сәйкес алдымен бастапқы жолдар мен косалқы жолдар тазаланып, келесі ретте жаяу жүргіншілер жолдары, аялдамалар сынды маңызы бар участкелер тазаланады», - дейді Е.Ибраев.
ШҚО төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сүйенсек, өңір бойынша қыс мезгіліне 1717 адам мен 686 техника сақадай сай. Сонымен қатар департаментте апаттық-құтқару және эвакуациялау жұмыстарын жүргізу үшін 114 рельефтік техника әзір тұр.
Еске салсақ, осыған дейін Түркістан облысындағы жолдардың қысқа дайындығы жайлы жазған болатынбыз.