Өскемен көшелерін неге түтін басып тұр - Қазгидромет өкілі жауап берді

Фото: Өскемен тұрғындарынан

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – «Қазгидромет» РМК Шығыс Қазақстан және Абай облыстары бойынша ауа райы болжамдары бөлімінің басшысы Любовь Бухтоярова Өскеменді неге түтін басып тұрғанын айтып берді.

Бүгін таңертең тұрғындар қала көшелерін қою түтін тұмшалап тұрғанын байқады.

– Өткен демалыс күндері өңірде жылы ауа райы байқалды. Ал оның артынан суық фронтальды аймақтар келді. 27-28 қазан күндері қалада жаңбыр жауды, ал облыс аумағына суық әрі тұрақты антициклон орнады, яғни ылғалды әрі суық ауа массасы қалыптасты. Ауа температурасының төмендеуі, ылғалдың жоғарылауы және желсіз ауа райы - осының бәрі төменгі ауа қабаттарында су буының конденсациялануына әсер етті. Соның нәтижесінде бүгінде қалада тұман байқалып отыр, - дейді «Қазгидромет» РМК Шығыс Қазақстан және Абай облыстары бойынша метеорологиялық болжау бөлімінің бастығы. 

Оның айтуынша, алдағы тәулікте де осындай ауа райы сақталады. 

– Яғни ертең де Өскеменде тұман күтіледі. Күндізгі ауа температурасы суық болып қала береді. Ауа райы жұма күні өзгереді деп күтіп отырмыз. Жұма және сенбі күндері ауа температурасы жоғарылап, оңтүстік-шығыстан жел соғып, тұман біртіндеп сейіледі, - дейді Любовь Бухтоярова. 

Еске салсақ, осыған дейін Өскеменде ауа сапасының нашарлауынан кейін 4 адам ауырғаны хабарланған.