Қала тұрғындары көшелерге тұздың себілуіне қарсылық білдірген болатын. Олардың айтуларынша, тұз қолданылатын қоспа көлік дөңгелектері мен аяқ киімді бүлдіреді.
Сондықтан көктайғаққа қарсы материал ретінде тұзды молынан пайдаланудан бас тартылды.
Қала көшелері мен жолдарын қыс мезгілінде күтіп-ұстауға «Таза Өскемен» коммуналдық кәсіпорны жауапты. Бұл туралы қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде мәлім етті.
- Көктайғақтың алдын алу үшін негізгі материал ретінде құм пайдаланылмақ. Ол көлік жүретін жолдарға, жаяу жүргіншілер өткелдеріне, аялдамалар, көпірлер, еңістер мен қиылыстарға төгіледі. Сондай-ақ жаяу жүргіншілер жүретін жолдарға да ерекше назар аударылады, - делінген ақпаратта.
Еске салсақ, бұған дейін ШҚО жолдарында қыс кезінде қауіпті 22 учаске бар екендігі хабарланған.