Ө.Шөкеев тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық саласындағы түйткіл - көптеген жылдар бойы қордаланған үлкен мәселе - ескірген үйлерге жөндеу жұмыстарын қалай жасау керектігі болғандығын атап өтті. «Бір жағынан, ол пәтерлердің барлығы жеке меншікте, сондықтан мемлекеттік бюджеттен біз оған тікелей қаржы жұмсауға қақымыз жоқ. Екіншіден, тұрғындардың қалтасы бірден үлкен қаржыны жұмсауды көтермейді. Алайда бұл мәселені тиімді шешетін тәсіл табылған секілді, яғни қайта жөндеу жұмыстарына жұмсалатын қаржының жартысын мемлекет көтерсе, қалғанын тұрғындар өздері көтереді»,-дейді Ө.Шөкеев.
Сондай-ақ ол барлық шешімдерді тұрғындар өздері қабылдайтындығын жеткізді. Мәселен, қандай жөндеу жасау керек, оған қандай құрылыс жұмыстары кіреді, қандай материалдарды пайдалану керек, тіптен жөндеу жұмыстарын жасайтын құрылыс компанияларын таңдау да тұрғындардың өз еріктерінде.
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары сонымен қатар мемлекет тарапынан салынған қаржыны тұрғындар 7-10 жылда біртіндеп қайтарулары керектігін ескертіп, бұл тұрғындарға үлкен жеңілдік екендігін айтып өтті. «Көптеген қалаларда тұрғындар бұл мәселені бұрын дұрыс түсінбей келді, қазір бұның тиімділігіне көздері жетіп, жұмыс үлкен қарқынмен жүріп жатыр деп айтуға болады. Өскемен қаласы мен Алматыда бұл жұмыс жақсы жолға қойылды. Осы екі қаланың үлгісімен елдегі барлық қалаларда осы жұмысты қарқынды жүргізуге қазір мүдделі болып отырмыз»,-деп атап өтті вице-премьер.