Өскемен мен Семейде тұрмыстық қалдықты бөлек жинау үшін 3 мыңдай контейнер орнатылмақ

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен мен Семей қалаларында тұрмыстық қалдықты бөлек жинау үшін 2 856 контейнер мен қоқыс тасығыш 12 техника жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Өскеменде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің қатысуымен қатты тұрмыстық қалдықтды бөлек жинауға арналған контейнерлер мен арнайы техниканы тапсыру рәсімі өтті. Өңірдің екі қаласы үшін барлығы 2 856 контейнер және 12 жаңа қоқыс тасығыш сатып алынған.


Биыл ШҚО және Семей қаласының әкімдігі Еуропа қайта құру және даму банкімен қаржыландыру туралы келісімге қол қойған болатын. Аталған жобаны жүзеге асыруға 17 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Осы жылдан бастап қала тұрғындары қатты тұрмыстық қалдықты төгуге арналған контейнерді пайдаланады.


«Бұл Еуропа қайта құру және даму банкімен және «Оператор ӨКМ» ЖШС-мен бірлескен жұмысымыздың кезекті нәтижесі. Осылайша, Өскемен және Семей қалаларында 100 мың тонна қатты және басқа да қоқыс түрлері қайта өңделетін болады. Жұртшылыққа қоқысты бөлек контейнерлерге дұрыс сұрыптауды насихаттау қажет. Бұл экологиялық мәдениетке деген тағы бір қадам», – деп атап өтті Даниал Ахметов.


Сонымен қатар шара барысында Семей қаласының №3 жалпы орта білім беретін мектебі мен Өскемен қаласының №39 орта мектебіне 300 мың теңгеден арнайы сертификат табысталды. Оқушылар бір жылдан астам уақыт бойы қоқысты дұрыс сұрыптауты насихаттап келеді.