Өскемен - Самар тасжолында көлік аударылып, бір жолаушы қайтыс болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен аптаның сенбісінде Өскемен - Самар бағытындағы тасжолдың бойында ВАЗ-2115 автокөлігі аударылып, оның ішінде отырған бір жолаушы қайтыс болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Оқиға 22 шілдеде түскі сағат 13-00-дер шамасында тіркелген.

ШҚО ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, жол-көлік оқиғасы Ұлан ауданының Бестерек ауылының маңында болған.

«Қала жақтан келе жатқан ВАЗ-2115 автокөлігі Бестерек ауылына жете бергенде алда келе жатқан жеңіл автокөліктен озбақ болған. Маневр жасау кезінде жүргізуші рөлге ие бола алмай, көлік аударылып қалған. Аударылған көлік жол жиегіне түсіп кеткен. Осының салдарынан ВАЗ-2115 автокөлігінде отырған 1965 жылғы жолаушы алған жарақатынан оқиға орнында қаза болды. Көліктегі жүргізуші мен тағы бір жолаушы айтарлықтай жарақат алған жоқ», - деп хабарлайды ШҚО ІІД баспасөз қызметінде.

Қазіргі уақытта ҚР ҚК 345-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, полиция қызметкерлері сараптама тағайындады.