Өскемен тұрғындары әлі де ауаның ластығына шағымданып жатыр
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемендегі Титан магний комбинаты орналасқан Согра ықшам ауданы тұрғындарының ауаның ластығына шағымданып жатқанына бүгін үшінші күн. Жергілікті тұрғындар химиялық иіске, жиі жөтелетіндіктеріне және тыныс алудың қиындағанына шағымданды. Куәгерлердің айтуынша, кеше түнде және бүгін таңертең қою тұманнан 20 метрден ары еш нәрсе көрінбейді.
— Таңертең оянсам тамағым қысып тұр. Көшеге шықсам — айналаны түтін басқан. Жедел қызметтерге қоңырау шалсам — бәрі дұрыс деп жауап берді. Бірақ қалай бәрі дұрыс болады?, — деп жазды әлеуметтік желіге қала халқының бірі.
19 мамырдан бері Өскеменде 2-дәрежелі қолайсыз метеорологиялық жағдай жарияланған. Сол уақыттан Согра ықшам ауданындағы мектептер қашықтан оқу форматына ауыстырылған.
ШҚО Экология департаментінің мәліметіне сүйенсек, мамандар жағдайды бақылауды жалғастырып жатыр. Қосымша зертханалық зерттеулердің нәтижелері әлі жария етілмеді.
Еске салсақ, осыған дейін Өскеменде желіде тараған видеодан соң экологтар тексеру жүргізгені хабарланған.
Ауаға тарайтын зиянды қалдықтардың рұқсат етілген шектен асуы тіркелмегенімен, кәсіпорында шынымен де штаттан тыс жағдай болғаны анықталды.