Өскемендіктер аялдамаларда автобустарды тым ұзақ күтетіндігін айтуда. Бұл әсіресе қыс түсіп, күн суытқан сайын тұрғындарға қолайсыздық келтіруде. Осы мәселеге орай Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев жауап берді.
«Маған автобустардың уақытылы жүрмейтіндігіне қатысты көптеген арыз-шағым келіп түсуде. Бюджеттен тасымалдаушыларға тұрақты қолдау көрсетілуде және көлікті жаңарту үшін субсидиялар бөлінуде. 2023 жылы жолаушылар тасымалымен айналысатын компаниялар 42 автобус сатып алды. Оларға 2021 жылмен салыстырғанда 4 есе өсіммен 4,1 млрд теңге субсидия төленді. Келесі жылы 4 млрд теңге мөлшерінде субсидия төлеу көзделген», - деді ол.
Ермек Көшербаевтың айтуынша, тасымалдаушылар тағы 53 жаңа автобус сатып алуды жоспарлап отыр.
«Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омарға бұл мәселені ерекше бақылауға алып, барлық бағытта қызмет көрсету сапасы мен қозғалыс жүйелілігін реттеуді тапсырамын, - деді облыс әкімі.