Өскемен тұрғыны көлігіне құлаған ағаш үшін коммуналдық мекемеден 2,5 млн теңге өндіріп алды

Фото: Мухтор Холдорбеков/ Kazinform

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қалалық сотында көлікке құлаған ағаштың салдарынан келген материалдық шығынды өтеу туралы азаматтық іс қаралды.

2025 жылғы 4 сәуірде қаладағы көшелердің бірінде тұрақта тұрған көліктің үстіне ағаш құлаған. Соның салдарынан көлікке айтарлықтай зақым келтірілген. Мамандардың қорытындысы бойынша, көлікті жөндеу экономикалық тұрғыда тиімсіз деп танылды. Ал сарапшы көліктің нарықтағы құны 2,5 млн теңге мөлшерінде деп бағалаған.

Белгілі болғандай, ағаш жергілікті коммуналдық кәсіпорынның қарауындағы жол жиегінде тұрған. Бұл кәсіпорын мен Өскемен қалалық ТҮКШ бөлімі арасында көшелер мен жолдарды күтіп-ұстау туралы келісімшарт бар. Сол құжатта айналаға қауіп төндіретін ағаштарды анықтап, жою міндеті де қарастырылған.

- Сот барысында коммуналдық кәсіпорын жауапкер ретінде танылды. Себебі ол өзіне сеніп тапсырылған аумақта қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндетін дер кезінде орындамаған. Сот талапкердің арызын ішінара қанағаттандырды. Коммуналдық кәсіпорыннан көлік иесіне келтірілген материалдық залал ретінде 2 418 250 теңге және өкіл, сарапшы мен нотариус қызметтеріне кеткен шығындарды өтеу үшін 248 508 теңге өндіріп алынды, - деп хабарлады соттың баспасөз қызметінен.

Еске салсақ, осыған дейін бұрынғы әйелін емханада өлтірген атыраулық 15 жылға сотталғаны хабарланған.