Өскемен тұрғыны ШҚО әкімін сотқа берді
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласының тұрғыны Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаевты сотқа берді.
Қала тұрғыны заңгер Нұрлан Әубәкіров ШҚО әкімі Ермек Көшербаевты өзін қабылдамағаны үшін сотқа берді. Ол «әкім «Мемлекеттік қызмет туралы» заң нормаларын бұзды» деп арыз жазған. Алғашқы сот отырысы 13 қаңтар күні өтеді. Осыған қатысты ШҚО әкімінің баспасөз хатшысы Томирис Кабаева түсінік берді.
- Азамат Н.Әубәкіровтің 2024 жылдың 4 желтоқсанында облыс әкімінің қабылдауына жазылу жөніндегі өтініші Шығыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының өтініштерді қарауды бақылау бөліміне 29 қарашада келіп түсті. Қабылдаудан бас тартылған жоқ. 4 желтоқсанда облыс әкімінің қабылдауында болатын азаматтардың тізімі қалыптастырылып қойғанына байланысты және келесі қабылдау кестеге сәйкес 2025 жылдың 15 қаңтарына жоспарланғандықтан, 20 және 27 желтоқсан күндері облыс әкімінің бірінші орынбасары және көтерілген мәселе тікелей құзыретіне кіретін орынбасарының жеке қабылдауына шақырылды, - деді ол.
Оның айтуынша, Н.Әубәкіров ол қабылдаулардан бас тартқан.
- Регламент бойынша жеке тұлғалар мен заңды тұлғалардың өкілдерін облыс әкімі және оның орынбасарлары қабылдайды. Бұл ретте әрбір азамат мемлекеттік органдардың әрекетіне шағымдануға құқылы, - деді Томирис Кабаева.
Еске салсақ, осыған дейін ШҚО экология департаментінің бұрынғы басшысына қатысты сот үкімі шыққаны хабарланған.