ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 26 қарашада түнгі сағат 3.00 шамасында Гоголь көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйде өрт шыққаны жайлы хабар түскен.
«Белгілі болғандай, 2-қабаттағы пәтер өртенді. ТЖД қызметкерлері жедел түрде баспалдақпен 5 тұрғынды, оның ішінде 2 баланы эвакуациялады. Содан кейін үш иінді сатыны орнатып, терезе арқылы пәтер иесін құтқарды. Көп ұзамай өрт сөндірушілердің үйлесімді іс-қимылының арқасында жалпы ауданы 20 шаршы метрді құраған тілсіз жау толықтай ауыздықталды», - делінген ақпаратта.
Қызыл жалынмен күреске барлығы жеке құрамнан 13 адам мен 4 техника тартылған.
Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері тұрғындарды тексеріп, уақтылы алғашқы көмек көрсетті.
Алдын ала дерек бойынша өрттің шығуына – пәтер иесінің темекі шегу кезіндегі абайсыздығы себеп болған.