Өскемен тұрғынын өлтірген ер адам қылмысын жасыру үшін пәтерді өртеп жіберген
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында өртенген үйден адам мәйіті табылды.
Өрт сөндірушілер мен полицияға қаладағы Мызы көшесі, 13 мекенжайындағы пәтердің жанып жатқаны жайлы хабар түскен. Оқиға орнына шұғыл келіп жеткен ТЖД қызметкерлері көп ұзамай тілсіз жауды ауыздықтады.
Пәтер ішін барлау кезінде ер адамның мәйіті табылды. 37 жастағы азаматтың денесіндегі жарақаттардан оның зорлық-зомбылықпен өлтірілгені байқалады.
Жедел-іздестіру шараларын жүргізген тәртіп сақшылары күдіктіні қолға түсірді. Ол пәтерге өрт қойып қылмысын жасырмақ болған.
- Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 99-бабымен (Адам өлтіру) іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, - деп хабарлады ШҚО Полиция департаментінен.
Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-да 9 жыл бойы іздеуде жүрген қылмыскер әуежайда ұсталғаны жайлы хабарлаған едік.