Өскемен тұрғындары бір жылда көлігіне сәнді нөмір алу үшін 66 млн теңге жұмсаған

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласының 446 адам бір жылда көлігіне сәнді нөмір алу үшін 66 млн теңге жұмсаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының ШҚО бойынша филиалының директоры Азамат Есембулов баспасөз мәслихатын өткізді.

«Өткен жылы Шығыс Қазақстанда ХҚО-лар арқылы 866 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді. Облыс тұрғындары электрондық қызметтерді жиі пайдалана бастағаны байқалады. Халық арасында ең танымал қызметтер туралы айтар болсақ, ЭЦҚ алуға – 288 301 адам жүгінсе, көлік құралдарын тіркеуге – 166 390 адам өтініш білдірген. Үшінші орында – паспорттар және жеке куәліктер беру (101 471 адам), төртінші орында – жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу (83 415 адам), бесінші орында – жүргізуші куәліктерін беру (63 758 адам)», - дейді ол.

Сонымен қатар облыс тұрғындары көліктеріне VIP нөмірлерді жиі сатып ала бастаған. Мәселен, Өскеменде 2020 жылы – 175 сәнді нөмір, 2021 жылы – 411, өткен жылы – 443 сатып алынды. Соңғы жылда қала халқы бұл мақсатқа 66 млн 254 мың теңге жұмсаған.

«VIP нөмірлердің құны сандар мен әріптерге байланысты және 196 650 теңгеден 983 250 теңгеге дейін өзгереді. Мемлекеттік нөмірдің иесі оны басқа адамға беруге немесе сатуға құқығы жоқ. Автокөлік сатылған жағдайда, иесі оны жаңа көлік сатып алғанға дейін 6 айға дейін арнайы бағамен сақтай алады», - деп түсіндірді Азамат Есембулов.