Өскемен тұрғыны 63 жасында алғаш рет жеке куәлік алды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласының тұрғыны 63 жасында алғаш рет жеке куәлік алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Ұлан ауданы Таврия ауылының 63 жастағы тұрғыны КСРО паспортымен өмір сүріп келген.

Кейін құжатын жоғалтып алған ол қазақстандық жеке куәлікті рәсімдей алмай жүрді.

«Көші-қон қызметінің мамандары үнемі жеке басын куәландыратын құжатсыз тұратын азаматтарды анықтау жұмысын жүргізеді. Аталған әйел адам 1990 жылы ата-анасы қайтыс болғаннан кейін Өскеменге көшіп келген. Осында қызын өсіріп, жалдамалы пәтерлерде тұрды. Алайда ешқашан ресми түрде жұмысқа орналаспаған», - делінген ақпаратта.

Қазіргі уақытта әйелдің туу туралы куәлігі қалпына келтірілді.

Мамандар оған Қазақстан Республикасының азаматы екенін растау үшін қажетті анықтамаларды жинауға көмектесіп, одан соң жеке куәлігін рәсімдеді.

Енді әйел жасына байланысты зейнетақы алып, медициналық мекемелерге жүгіне алады.