Өскемен тұрғыны көпқабатты үйде теракт болады деп полицияға өтірік айтқан

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласының тұрғыны полицияға теракт туралы жалған хабар берген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық полиция басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 16 қарашада таңғы сағат 05.13-те «102» жедел арнасына қоңырау шалған азамат теракт болатыны туралы хабар берген.

«Өз сөзінде ол теракттың Сәтпаев даңғылындағы көпқабатты үйлердің бірінде сағат 06.00-07.00 шамасында болатынын жеткізді. Алайда бұл ақпарат шындыққа жанаспайтын болып шықты. Полицейлер қоңырау шалған ер адамның кім екенін жедел анықтаған. Мас күйдегі 41 жастағы шаһар тұрғыны әзілдегенін айтты», - деді басқарма бастығы Андрей Мула.

Сараптама нәтижесіне сәйкес, ер адам орташа дәрежеде мас болған.

Тәртіп сақшылары оны ҚР ӘҚБтК 438-бабы 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартып, 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салды.