НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында әйелдер арасында ITF World Tennis Tour W25 турнирі жалғасуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, қазақстандық Гөзал Айнитдинова алғашқы айналымда Израиль өкілі Коэн Сапирмен шеберлік байқасты.
Қазақстандық спортшы қарсыласын 6:2, 6:1 есебімен оңай жеңді.
Г.Айнитдинова ширек финалға шығу үшін отандасы, осы жарыстың 6-ракеткасы Жібек Құламбаевамен таласады.
Өскемен теннисінің жас жұлдыздары Татьяна Николенко мен 14 жастағы Мәлика Әмірғалиева екінші айналымға шыға алмады. Т.Николенко ресейлік Екатерина Маклаковаға еш қарсылық көрсете алмады – 0:6, 0:6.
Мәликаның әлемдік рейтингте 1473-орында тұрған 21 жастағы ресейлік Арина Соломатинамен матчы тартысты өрбіді. Үш сағатқа жуық уақытқа созылған бәсекеде ресейлік спортшы 3:6, 6:2, 6:3 есебімен жеңіске жетті. Дегенмен М.Әмірғалиева додада қалады, ол ертең ширек финалда жұптық кездесуін өткізеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Михаил Кукушкиннің Чикаго турнирінің екінші айналымына өткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).