Өскеменде 12 ауланы абаттандыруға 900 млн теңге бөлінді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Облыс орталығында көп қабатты тұрғын үйлердің ауласын жаңа заман талабына сай абаттандыру үшін 900 млн теңге бөлінді. Мердігерлер бұл соманы күзге дейін игеріп бітіруге міндет алып отыр, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аймақтың бас шаһарын абаттандыру жұмыстарымен танысқан облыс әкімі Даниал Ахметов биыл 80 тұрғын үйді қамтитын 12 аула жаңаша абаттандырылатынын айтты. Абаттандыру картасына енген аумақта үйлер арасындағы көлік жолдары 6 метрге дейін кеңейтіліп, балаларға арналған ойын алаңқайы мен жастарға арналған Street Workout  алаңы, ересектерге арналған сұхбат шатырлары орнатылатын болады. Бұл мақсатқа қажет 900 млн теңгенің бірінші траншы берілгенімен, жауапты мердігер жұмысқа әлі кіріспеген.

«Бір жолда қаладағы бүкіл ауланы қамту мүмкін емес. Сондықтан әр тұрғын ауданнан алаңдар іріктеп алынған болатын. Қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі енді өздері жоспарлаған межені орындай алмай отыр. Бір аптадан кейін осы жерге қайта келемін.  Сол кезде мұнда жұмыс қызу жүріп жатуы керек. Қалған транш сол кезде ғана бөлінеді», - деді әкім.

Жалпы, Өскемен бойынша барлығы 300 ауланы абаттандыру жоспарланған.