НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында әйелдер арасында ITF World Tennis Tour W25 турнирі басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, жүлде қоры 25 мың АҚШ долларына бағаланған жарыстың іріктеу сатысында өскемендік, 14 жастағы Мәлика Әмірғалиева тамаша өнер көрсетті.
Мәлика WTA рейтингісінде жоқтығына қарамастан, іріктеу сайыстарының финалында әлемнің 1990-ракеткасы, ресейлік 18 жастағы Николь Мишиеваны 6:1, 6:4 есебімен ұтып кетті. Сөйтіп, негізгі турнирге жолдама алды.
Осылайша, Kazzinc Open жарысында бес бірдей қазақстандық спортшы, атап айтқанда, Жібек Құламбаева, Гөзал Айнитдинова, Мария Синицына (уайлд кард), Татьяна Николенко (уайлд кард) және Мәлика Әмірғалиева бақ сынайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен Қазақстан жасөспірімдер құрамасының әлем чемпионатын 4-орынмен аяқтағанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ қазақстандық жас теннисшілердің түрлі турнирлердегі нәтижесі жарияланды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).