Өскеменде 20 мың тонна қоқыс өңдейтін зауыт салынады

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Өскеменде қоқыс өңдейтін зауыт салынады. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына осындай тапсырма берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жолдауды талқылауға арналған мәжілісте Д.Ахметов Елбасы жүктеген 10 міндеттің облыста қалай жүзеге асатынын баяндады. Тұрмыстық қалдықтарды утилизациялау ісіне бизнес нысандарын тарту мақсатында облыс орталығында қоқыс өңдейтін зауыт салынбақ.

«Жалпы облыста 26 энергетикалық жоба жүзеге асады. Қатты қалдықтарды сұрыптап төгу ісіне қарқын қосамыз. Өскемен, Семей, Зырян қалалары бірінші болып өзге аудан, қалаларға үлгі көрсетуі тиіс. Облыс орталығында қуаттылығы 20 мың тонналық қалдық өңдейтін зауыт салу көзделуде.- деді Д.Ахметов.

2019 жылдан бастап тұрмыстық қатты қалдықтың 17 түрін қоқыс полигондарына көмуге тыйым салынуы мүмкін. Көмуге тыйым салынған қалдықтардың ішінде картон қораптар, пластик пен пластмассадан жасалған бұйымдар, шыны ыдыстар, құрылыс қалдықтары бар.

Әзірге өңірдегі қалдық сұрыптаумен айналысатын кәсіпкерлер жинаған «шикізатын» Ресейдің Омбы қаласы мен Алматыға өткізіп келеді.

«Өскеменде пластик және платмасса қалдықтарын жинаумен айналысатын үш мекеме бар. Пластмасса қалдықтарын қайта өңдеп, құрылыс бұйымдарын шығаратын цех бар», - дейді «Экологиялық қауіпсіздік орталығы» ЖШС директоры Геннадий Корешков.

Солардың бірі - «Эковостоклидер» ЖШС бір жылдың ішінде 26 га жерге экологиялық дүңгіршек орнатыпты. Серіктестік болашақта олардың санын 600-ге жеткізбекші. Ал қала билігі биыл 500 алаңға 1500 экологиялық дүңгіршек орнатпақшы. Оның 500-і қағаз қалдықтарын, 500-і пластик қалдықтарын, тағы 500-і шыны қалдықтарын төгуге арналады. Инертті қалдықтар үшін қосымша 50 дүңгіршек және бөлінуі мүмкін.

Есімжан Нақтыбайұлы