Өскеменде 4 көпқабатты үй заңсыз салынып жатыр

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында заңсыз салынып жатқан 4 көпқабатты үй анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінде Шығыс Қазақстанда коммерциялық тұрғын үйлердің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Алайда табыс табу мақсатында жосықсыз құрылыс салушылар да пайда болған. Олар ешқандай рұқсат құжаттарын алмастан, үлескерлердің қаражатын тартып көпқабатты үйлер салып жатыр.

ШҚО мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының мәліметінше, Өскеменде көпқабатты 4 үйдің құрылысы заңсыз жүргізілуде. Олардың бірі – Красин көшесі, 11В мекенжайында орналасқан «Grand Residence» тұрғын үй кешені. Тапсырыс беруші – «MRS Company» ЖШС.

«Бүгінде компания әкімшілік жауапкершілікке тартылып, құрылысқа тыйым салынды. Егер құрылысты тоқтатпаса, сот шешімі мәжбүрлі түрде орындалады. Екінші үй – Көкжал Барақ көшесі, 19/2 мекенжайында орналасқан «Оазис-4» түрғын үй кешені. Тапсырыс беруші «Selam KZ» ЖШС заң шеңберінде жауапқа тартылды. Үшінші үй – 19-шы шағын ауданның «Арай» тұрғын аймағындағы №59 құрылыс учаскесінде салынып жатыр. Тапсырыс беруші «Дейнека» компаниясы құрылыс жүргізу лицензиясынан айырылды. Ал төртінші үй – «Renesans» тұрғын үй кешенінің құрылысына тапсырыс берген «Elit Stroy Group» ЖШС де әкімшілік жауапкершілікке тартылып отыр. Барлық үйлер бойынша құрылысты тоқтатуға қатысты сот шешімі шықты», - делінген ақпаратта.

Еске салсақ, осыған дейін ШҚО тұрғындарынан үлескер ретінде қаражат тартуға құқығы жоқ компаниялардың тізімін жариялаған болатынбыз.