Өскеменде 428 көшеде жанбай тұрған жарықшамдар қайта жарқырады

Фото: Фото: Pexels

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемен қаласында 428 көшеде жанбай тұрған 4 мыңнан астам жарықшам қайта іске қосылды.

Өскемендегі жарықтандыру жүйесін жаңғырту жұмыстары осыдан бірнеше жыл бұрын басталған.

Ескірген 16 мың шамды ауыстыру жоспарланған еді.

Алайда жұмыс созбалаңға салынып, тұрғындар жарық шамдардың үнемі жанбай тұратындығына, соның салдарынан қас қарайғанда көшеде жүрудің қолайсыздығына жиі шағымданды.

ШҚО өңірлік мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығының хабарлауынша, қазіргі уақытта жарық шамдар мәселесі шешіліп келеді. 

«Осы жылдың мамырынан қыркүйек айына дейін Өскемен қаласында 428 көшедегі 4049 жарық шамы қалпына келтірілді. Ең алдымен, мектептердің, ауруханалардың, мемлекеттік мекемелердің жаяу жүргіншілер өткелдеріндегі шамдар іске қосылды. Ал осыған дейін басты міндет — орталық көшелер мен әлеуметтік нысандар маңындағы шамдарды жөндеу болған. Енді жер үйлер көшелеріне ден қойылып отыр», — делінген ақпаратта.