Өскеменде 5 көлік жанып кете жаздады

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемен қаласында құтқарушылар өрт шыққан гараж боксынан 5 көлікті шығарып үлгерді.

Gov.kz

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, оқиға 24 қараша күні таңертең Астафьев көшесінде болған. 

«Көше бойындағы гараж боксында өрт шыққан. Оқиға орнына өрт сөндірушілер шұғыл келіп жетті. Олар от шарпыған аумақтан 5 автокөлік пен бір газ баллонын шығарып үлгерді», — деп хабарлады ведомство өкілдері. 

Көп ұзамай жалпы ауданы 30 шаршы метрді құраған тілсіз жау толықтай ауыздықталды. Зардап шеккен ешкім жоқ. 

Өрттің шығу себебі — пешті орнату және пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу.

Еске салсақ, осыған дейін СҚО-да жылыту маусымы басталғалы өрттен 8 адам мерт болғаны хабарланған.