ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында зейнеткерді алдап соққан ер адам ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
51 жастағы қала тұрғыны Менделеев көшесінде орналасқан банкоматтың жанында тұрған қарт кісіні көріп қалған. Ақша шешіп алуға көмектесетіндігін айтқан ол зейнеткерді алдап жіберіп, оның банк картасын алып қалады да кейіннен 70 мың теңгесін иемденіп кеткен.
«Тәртіп сақшылары жедел іздестіру шаралары барысында күдіктіні қолға түсірді. Ер адам өз кінәсін мойындап отыр. Қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», - деп хабарлады ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Талғатжан Мұхаметбекұлы
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.