Өскеменде 80-нен асқан қарттар трамвайда қайта тегін жүретін болды

Фото: Фото: Наталья Зинченко/Kazinform

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында трамвайларда 80-нен асқан қарттарға жасалған жеңілдік қайтарылды.

Таяуда трамвайларда зейнеткерлердің бәрінен 50 теңге көлемінде жолақысы талап етіле бастады. Ал бұған дейін 80-нен асқан қарттар тегін жүре алатын.

Бұның себебін әкімдік «Трамвайлар жұмысына жүргізілген тексерулер барысында кәсіпорынның нормативтік-құқықтық актілерде көзделмеген жол жүру жеңілдіктерін біржақты тәртіпте белгілегені анықталды. Заң бойынша кәсіпорынның мұндай құқығы жоқ» деп түсіндірген болатын.

Десе де көп ұзамай жергілікті билік қарттарға жасалған жеңілдіктің қайтарылғанын мәлім етті.

- Өскеменде 80-нен асқан қарттар трамвайда тегін жүре береді. Осы жас санатындағы жолаушылар көлік картасын валидаторға тигізбей-ақ жүре алады. Аталған мәселе қала әкімінің жеке бақылауында, - дейді Өскемен қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Замира Мурсалимова.

Еске салсақ, Өскеменде 80-нен асқан қарттар да енді трамвайда жолақы төлеуге міндетті екендігі жайлы жазғанбыз.