Өскеменде 91 адамды шетелге шығарамын деп алдаған алаяқ 142 млн теңге пайда көрген

Фото: ҚР ҰҚК

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемен қаласында 91 адамды алдап соққан алаяқ 4 жарым жылға түрмеге қамалды.

ШҚО соты баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, ер адам халықты туристік бизнеспен айналысатынын сендіріп, арзан бағаға шетелге шығаруға ұсыныс жасаған. Бұған сенген 91 адам онымен шарт жасасып, сұраған ақшасын аударды. 

Алайда алаяқ олармен байланысқа шығуын тоқтатқан. Осының салдарынан жәбірленушілерге 142 781 162 теңге мөлшерінде материалдық залал келтірілді. 

— Өскемен қаласының № 2 сотында айыпталушыға қатысты ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі 1,3-тармақтары бойынша қылмыстық іс қаралды. Іс бойынша жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Сот шешімімен сотталушы 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ оған коммерциялық қызмет саласында, атап айтқанда туристік бизнеспен 3 жыл мерзімге айналысуға тыйым салынды, — делінген ақпаратта.

87 жәбірленушінің азаматтық талабы толық қанағаттандырылды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, бұған дейін Павлодарда 12 жасар қызды зорлаған бозбалаға қатысты сот үкімі шыққаны хабарланған.