Өскеменде 954 үйді су басуы мүмкін

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында 954 үйді су басу қаупі бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Андрей Андрейконың айтуынша, бүгінде жердің тоңы 72 см-ге жеткен. Ал қар жамылғысының биіктігі 33 см құрайды. Шаһар аумағынан 145 мың текше метр қар шығарылған.

«Су басу қаупі бар 954 үйде 2407 адам тұрады. Құтқарушылар су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспарына сәйкес әрекет етіп, аталған аумақтарға бақылау жүргізуде. Осы уақытқа дейін 30 шақырым канал, 24 шақырым арық тазаланды», - деді Андрей Андрейко.

Сонымен қатар сыйымдылығы 835 адамды құрайтын уақытша орналастырудың 8 пункті құрылған. Көктемгі су тасқынына дайын болу үшін 195 арнайы техника, жеке құрамнан 200-ден астам адам және 63 мотопомпа әзір тұр.