Өскеменде АЭС мамандарын даярлайтын жаңа білім беру бағдарламасы іске қосылмақ
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемен қаласындағы Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде 2025-2026 оқу жылынан бастап «Атом электр станциясын пайдалану» атты жаңа білім беру бағдарламасы іске қосылады.
Бұл бағдарлама Халықаралық атом энергиясы агенттігі (МАГАТЭ) сарапшыларының қатысуымен әзірленіп, елдегі алғашқы атом электр станциясына қажетті жоғары білікті мамандарды даярлауға бағытталған.
МАГАТЭ сарапшыларының ұсыныстарына сәйкес дайындалған оқу жоспары ядролық энергетика саласының негізгі аспектілерін қамтиды. Оқытылатын пәндер қатарында атом станцияларының жабдықтары, ядролық реакторлар физикасы, радиациялық қауіпсіздік, ядролық отын циклі, жабдықты жаңғырту мен монтаждау сияқты маңызды бағыттар бар.
Сонымен қатар студенттер теориялық біліммен қатар Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталықта және Өскемендегі металлургиялық зауытта тәжірибеден өтеді.
— Біз Қазақстанның бүкіл болашақ атом өнеркәсібінің іргетасы болатын бағытты қолға алып отырмыз. Түлектеріміз озық білім алып, әлемнің кез келген жерінде жұмыс істей алатын болады, — дейді декан Айбек Ақаев.
2025 жылғы сәуірде университет қабырғасында МАГАТЭ мен Ресейдегі Ұлттық зерттеу ядролық университеті МИФИ өкілдерінің қатысуымен халықаралық форум өтіп, онда атом саласындағы білім беру мен кадрлық әлеуетті дамыту мәселелері талқыланған. Бағдарламаның академиялық комитетіне университеттің жетекші оқытушылары мен өндіріс өкілдері кірді.
Бағдарлама халықаралық ядролық қауіпсіздік талаптарына толық сай келеді. Бұл өз кезегінде Қазақстанның атом энергетикасы саласындағы кадрлық резервін қалыптастырып қана қоймай, елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, технологиялық тәуекелдерді азайтуға ықпал етеді. Бағдарлама алғашқы іске қосылған жылы-ақ халықаралық стандарттарға сай алғашқы аккредиттеуден өтуге дайындалып жатыр.
Еске салсақ, осыған дейін Қазақстанда алғашқы АЭС-ке атау берілетіндігі хабарланған.