Өскеменде ақпан айының басынан бері 1200-ге жуық адам көктайғақтан зардап шекті

Фото: freepik.com

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемен қаласында осы айдың басынан бері көшеде жарақат алғандар саны 1200-ге жуықтады.

Қалада ауа райының қолайсыздығына байланысты көшеде зардап шеккендер саны күрт артты. Ақпан айының басынан бері медициналық мекемелерге 1 595 адам жүгінсе, оның ішіндегі 1 181-і көшеде құлап, түрлі жарақат алған.

Тұрғындар көктайғақтың салдарынан тротуарлар мен аялдамаларда жүрудің қиындап кеткенін айтып шағымданып жатыр.

— Зардап шеккендердің көбінде буын шығу, аяқ-қолы сыну диагноздары қойылған. Ауыр жарақат алған 72 науқас ауруханаға жатқызылды, — деп хабарлады Шығыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасынан.

Осы ретте, дәрігерлер халыққа көктайғақ кезінде барынша сақ болуға және табаны таймайтын ыңғайлы аяқ киім киюге шақырды.

Еске салсақ, осыған дейін көктайғақ салдарынан Павлодарда 150-ден астам адам жарақат алғаны хабарланған.