Өскеменде Ақыт Үлімжіұлының «Шолақ қол келіншек» дастаны сахналанды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Өскеменде қазақ әдебиетінің ақтаңдағы Ақыт Үлімжіұлының дастаны негізінде қойылған «Шолақ қол келіншек» әпсанасының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

90 минутқа созылған қойылым Өскемендегі облыстық драма театрға  толған көрерменді ерекше әсерге бөледі. Тоғышарлық пен тектілік, ізгілік пен зұлымдық тайталасқа түскен тартысқа толы әпсананың сюжеті Алтайдың ар жағында жасаған Ақыт Үлімжіұлының «Шолақ  қол келіншек» дастанының негізінде өрбіді.

Көзінің алдындағысын ғана ойлайтын Қарынбайдың, дүние-мүлік пен рухани дәулетке теңдей кемел Байтүгелдің образдары арқылы ақын ақ пен қараның мәңгілік күресін шебер суреттеген. Қайыршыға садақа ұсынғаны үшін қолынан айырылған шолақ қол келіншектің басы қатты, аяғы тәтті өмірі көрерменнің көңілін бір суытып, бір ысытты.

«Ақыт ақынның образын ашу оңай болмады, көп іздендік. Өйткені, ол кісінің шығармашылығымен там-тұмдап таныс болғанымызбен, өмірі мен сүрген ортасы туралы ақпарат өте тапшы екен. Ақынның рухани мұрасын зерттеп жүрген Астана мен Алматыдағы адамдарға жүгіндік. Астанадан Дәулеткерей Кәпұлы кітаптармен қамдап, кеңесін берді. Соның негізінде Ақыттың образын алып шықтым. Біздің ұжым «Шолақ қол келіншек» әпсанасының аурасына әлі де тереңдеп ене түседі деп ойлаймын» - дейді актер Қанат Ниязбеков.

Қойылымның режиссері Сақан Әкелеев облыстық драма театрдың репертуары олжалы дүниемен толыққанын айтады.

«Биыл Ақыт Үлімжіұлының туғанына 150 жыл толады. Осыған орай, Мәдениет және спорт министрлігінен Ақыт Үлімжіұлының шығармасын сахналау туралы тапсырма түскен болатын. Монғолияның мәдениет қайраткері, ақын Шынай Рахметұлы сахнаға бейімдеген «Шолақ қол келіншек» дастанын оқып шығып, қатты тебірендім. Ақыт шығармашылығының шырақшысына айналған Гүлнәр Омарова мен арғы беттегі Шынай ағамыздың аманат дүниесіне қиянат жасамау керек деген ой келді. Соның арқасында қысқа уақыттың ішінде тұщымды дүние жасай білдік деген ойдамын. Біраздан бері Өскеменнің көрермені бізді бұлайша сахнадан жібермей қошеметтемеп еді. Соған қарағанда премьера сәтті өткен тәрізді» - дейді режиссер.

Сақан Әкелеев бұл қойылым тамыз айында Алматыда сахналатынын айтады. 

«Түріксой» халықаралық ұйымына бүкіл түркі әлеміне ортақ ақынның дастанын Түркия, Әзербайжан елдерінде сахналауды ұсынып отырмыз. Монғолия, Қытай елдеріндегі қазақтарға да тарту етсек деген ойымыз бар» - дейді ол.