ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, полицияға хабарласқан 28 жастағы азамат ипотека рәсімдеуге көмектесетіндігін айтқан алаяққа алданып қалғанын жеткізген. Жәбірленушінің жеке деректерін алған ол банктің мобильді қосымшасы арқылы 3 млн теңге несие алып, өз қалтасына басқан.
«Сондай-ақ 51 жастағы қала тұрғынынан осыған ұқсас арыз түсті. Ер адамның айтуынша, бейтаныс біреу жылжымайтын мүлікті сатып алу үшін ипотекалық несие алуға көмек көрсетемін деп оның телефонына орнатылған мобильді қосымша арқылы 6 млн теңге несие алып, өзінің банк шотына аударған», - делінген ақпаратта.
Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктіні қолға түсірді. 24 жастағы жергілікті тұрғын өз кінәсін мойындап отыр.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігіне (Алаяқтық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.
Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін Шығыс Қазақстанда 26 жыл бұрын жасалған қылмыс ашылғанын хабарлаған едік.