ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, полицияға жүгінген 23 жастағы қала тұрғыны алаяқтыққа тап болғанын жеткізді.
Өз сөзінде ол құрбысының алдап, 3 200 000 теңгеден астам сомаға онлайн несие ресімдегенін айтты.
Жәбірленуші несие туралы банк қызметкерлері қоңырау шалған кезде ғана білген.
Арыз түскен соң тәртіп сақшылары жедел-іздестіру шараларына кірісті.
Соның нәтижесінде 22 жастағы күдікті ұсталып, бөлімшеге жеткізілді.
Тергеу барысында қыздың осыған ұқсас тағы 2 алаяқтық жасағаны анықталды.
«Ол екі құрбысынан қоңырау шалып алу үшін ұялы телефонын сұрап, кейін банк қосымшасы арқылы 1 және 5 млн теңгеге несие рәсімдеп, ақшаны өз шотына аударған. Қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 190-бабы 2-бөлігіне (Алаяқтық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр», - делінген ақпаратта.