Өскеменде Altai Invest-2018 форумы өтіп жатыр
Осымен үшінші жыл қатарынан өтіп отырған форумда әлемге әйгілі компаниялар мен инвестициялық орталықтардың, қаржы институттарының өкілдері қатысуда. Оларды өңірге 18 елдің дипломатиялық корпусы бастап келгенін айта кету керек. Шараның пленарлық мәжілісінде Франция, Оңтүстік Корея және Мажарстанның елшілері сөз алып, Шығыс Қазақстан облысының инвестиция алаңы ретінде өте тартымды аймақ екенін атап өтті.
Форум аяқталмай жатып, алғашқы келіссөздер өз жемісін беруде. Бұл туралы обыс әкімі Даниал Ахметов өз сөзінде мәлімдеді.
Даниал Ахметов бұған дейінгі форумдарда келісім жасалғанымен, іске асуы кешеуілдеп жатқан жобаларға да тоқталды.
Қол қойылған келісімдердің ішінде «Көркем-Телеком» компаниясының инвестициялық жобасын да ерекше атауға болады. Бастапқы келісім бойынша аталмыш компания Өскемен, Семей, Риддер, Аягөз, Шемонаиха және Зырян қалаларын «Сергек» бақылау жүйесімен қамтуы тиіс. Бұған дейін «Сергек» камералары Өскеменге қойылып келсе, жақын күндері Семейге де 4 мыңы орнатылмақ.
Облыс орталығындағы қоғамдық көліктерді экологиялық жағынан сапалы, экономикалық жағынан тиімді көліктермен ауыстыру жобасы да инвесторлар назарына ұсынылды. Қала көшелеріне заманауи автобустар шығарылған соң жол ақысын электронды билет арқылы төлеу жүйесі енгізілмекші. Бұл екі жобаға да Еуропа даму және қайта құру банкі қызығушылық туғызып отыр.