Өскеменде ауа сапасын бақылау үшін арнайы комиссия құрылды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында ауа сапасын бақылау үшін арнайы комиссия құрылып, экологиялық рейдтер жүргізіліп жатыр.
Қарашаның 23-інен бері Өскеменде қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасып тұр. Соған орай қалада ауа сапасын бақылау үшін арнайы комиссия құрылды. Оның құрамына ШҚО экология департаментінің мамандары, қоғам белсенділері, метеорологтар, сарапшылар мен облыстық мәслихат депутаттары кірді. Комиссия мүшелері бүгіннен бастап экологиялық рейдке шықты.
«Өнеркәсіптік кәсіпорындардың жұмысы және олардың ауаны ластауға әсері бақылауға алынған. Комиссия экологиялық рейдті «Май» АҚ-ның санитарлық-қорғау аймағында бастап, мұнда аспаптық өлшеулер жасады. Нәтижесінде хлордың шекті рұқсат етілген концентрациясының екі есе асып тұрғандығы анықталды», - деп хабарлады ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Сондай-ақ «Қазгидромет» РМК ШҚО филиалының мәліметі бойынша, автоматты өлшеу станциясында көмірқышқыл газы концентрациясының рұқсат етілген шектен асу фактісі тіркелді. Өзге көрсеткіштер қалыпты нормадан асқан жоқ.
Еске салсақ, осыған дейін Өскеменде халық тұншығып, ал сарапшылар ауа сапасының мониторингі сылбыр жүргізілетінін сынағаны хабарланған.