Өскеменде ауа сапасын бақылайтын 25 бекет орнатылмақ

Фото: Фото: freepik.com

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында биыл ауа сапасын бақылайтын 25 бекет орнатылады.

Қаланы түтін тұмшалап тұрғанына бүгін 11 күн болды. Соған орай облыс әкімдігіне экология мәселесі талқыға салынған жиналыс өтті.

- Ауа сапасын бақылайтын бекеттерді орнату жұмыстарын 2027 жылға дейін соза алмаймыз. Әйтпесе халық бізді түсінбейді. Сондай-ақ экологтардың кәсіпорындардың аумағына кіре алу мәселесін шешу қажет. Кәсіпорындар жұмысына қатысты арыз-шағымдар үнемі түсіп отырады, бұл дұрыс емес, - деді аймақ басшысы.

Қала бойынша ауа сапасын бақылайтын бекеттер орнатылатын жерлердің картасы жасалып қойған.

- Экологиялық бюро отырысында біз талдау жүргізіп, жаңа датчиктерді қайда орнату керектігін қарастырдық. Мониторингтің бірыңғай жүйесі ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген концентрациядан асып кету фактісін жедел анықтауға мүмкіндік береді, - деді «Өскемен тынысы» экологиялық бюросы жобалық кеңсесінің жетекшісі Елена Березинская-Абилова.

Айта кетейік, облыс билігі қоғамдық көліктерді газ немесе электр қуатына көшіру жағын да ойластыруда.

Еске салсақ, бұған дейін Өскеменді түтін тұмшалап тұрғанына 10 күн болғаны хабарланған.