Өскеменде ауа сапасының бұзылуына байланысты оқушылар ертең тағы да мектепке бармайды

Фото: Астана әкімдігі

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемен қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасуына байланысты мектеп оқушылары екінші күн қатарынан онлайн форматта білім алады. 

Қала көшелерін тұмшалаған түтін төртінші күн қатарынан сейілмей тұр. Осыған байланысты ертең бірінші ауысымдағы оқушылар қайтадан қашықтан оқыту форматына көшіріледі. 

— Екінші дәрежелі қолайсыз метеорологиялық жағдай 16 ақпан сағат 20:00–ден 17 ақпан сағат 08:00–ге дейін сақталады. Желдің соқпауы ауаға тарайтын зиянды шығарындылардың жердің төменгі қабатында шоғырлануына әкеліп соғады. Сондықтан оқушылар екінші күн қатарынан үйлерінде қалады, — деп хабарлады Өскемен қалалық білім бөлімінен.

Бұл шешім балалардың көшеде жүру уақытын азайтып, қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданып отыр.

Еске салсақ, осыған дейін Өскеменде мектеп оқушылары қаланы түтін басуына байланысты қашықтан оқитындығы хабарланған.