Өскеменде ауаға тараған екі зиянды заттың мөлшері шекті деңгейден асып кеткен

Фото: Өскемен тұрғындарынан

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында ауаға тараған екі зиянды зат мөлшері рұқсат етілген шектен асып кеткені анықталды.

«Қазгидромет» РМК Шығыс Қазақстан облыстық филиалының мәліметіне сүйенсек, 29 қаңтарда Өскемен қаласында атмосфералық ауа сапасына мониторинг жүргізілді. Соның нәтижесінде, екі зиянды заттың мөлшері шекті деңгейден асып кеткені анықталып отыр.

– Нақты айтқанда, көміртегі тотығының мөлшері шекті нормадан 2,023 есе, ал күкіртсутек бойынша 1,625 есе асқан. Бұл күні қалада қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасқан. Осындай кезде әдетте жел соқпай, ауаның ластану деңгейі жоғары болады деп күтіледі, - делінген ақпаратта.

Айта кетейік, желсіз күндер қалада ертең де жалғасады. Екінші дәрежелі қолайсыз метеорологиялық жағдайлар 30 қаңтар сағат 20.00-ге дейін созылмақ. 

Еске салсақ, осыған дейін еліміздегі 11 қалада ауа сапасы нашарлайтыны хабарланған.