Өскеменде ауаға зиянды шығарындылар 20% азаяды – министр Брекешев

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскеменде өнеркәсіптік ірі 16 кәсіпорын шығарындыларын 20% азайту көзделіп отыр. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының жұртшылығымен кездескен ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министр тұрғындарға өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы мәлім етті.

«Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында 10 қалада, соның ішінде Өскеменде 5 жыл ішінде 16 ірі өнеркәсіптік кәсіпорын шығарындыларын 20% азайту көзделіп отыр. Мәселен, осы жылдың бірінші жарты жылдығының қорытындысы бойынша кәсіпорын шығарындылары 6,7% төмендегені байқалады. ШҚО-дан ұлттық жобаға «Казцинк» Өскемен металлургиялық кешені ЖШС және «Өскемен» ЖЭО ЖШС кіреді», - деді ведомство басшысы.

Оның айтуынша, жасыл желек отырғызудың да экологияға оң әсерін тигізетіндігі анық. Осы бағытта да ауқымды жұмыстар атқарылмақ.

«Өткен жылы Шығыс Қазақстан облысында 18 млн көшет отырғызылған. Биыл 5100 гектар алқапқа 21 миллионға жуық көшет отырғызу көзделуде», - деді Серікқали Брекешев.


Фото: ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі