Өскеменде ауаның ластануынан оқушылар тағы мектепке бармайды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемен қаласында ертең бірінші және екінші ауысымда оқитын мектеп оқушылары қашықтан білім алады.
2 ақпан күні сағат 20.00-ге дейін қалада екінші дәрежелі қолайсыз метеорологиялық жағдай сақталады. Желсіз ауа райы жағдайында зиянды ластаушы заттар ауада ұзақ сақталады. Осыған байланысты бірінші және екінші ауысымдағы 0-11 сынып оқушылары онлайн форматқа көшірілді.
— Ауа райының қолайсыздығы кезінде бірінші кезекте біздің оқушыларымыздың қауіпсіздігі маңызды. Сондықтан оқушыларды уақытша қашықтан оқытуға көшіру туралы шешім қабылданды. Бекітілген кестеге сәйкес онлайн режимінде сабақтар өткізіліп, оқу үдерісі толық көлемде жалғасады, — деп хабарлады қалалық білім бөлімінен.
Айта кетейік, қалада осымен 6 күн бойы қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасқан. Экологтар тұрғындарды далада көп жүрмеуге шақырды.
Еске салайық, Өскеменде ауаға тараған екі зиянды заттың мөлшері шекті деңгейден асып кеткені хабарланған.